Ұстаз!
Қандай қасиетті сөз!
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» - деп Абай атамыз айтқандай, бүгінгі күні осынау ұлы сөзге лайық шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген ұстаздардың бірі- Абдикаримов Іргебай Қойшығараұлы. Іргебай Қойшығараұлы жан-жақты білімді, өз бойындағы ізгі қасиеттерді шәкірт жүрегіне ұялата білетін шығармашыл, шеберлігі мол мұғалім, өз тәжірибесі мен білгенін әріптестерінен аямайтын тәлімгер ұстаз. Іргебай Қойшығараұлы 1959 жылы 7 қыркүйекте қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау селосында дүниеге келген. 1966 жылы Аманкелді кеңшарындағы №3 орта мектебіне оқуға барып, мектепті 1976 жылы бітіріп шыққан.1978-1980 жылдары Кеңес Армиясы қатарында жауынгерлік борышын өтеп, туған ауылында еңбек еткен. 1981жылы Алматы қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға қабылданып, осы институттың филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша 1985 жылы бітіріп, сол жылдан бастап еңбек жолын № 3 Амангелді орта мектебінде бастаған. 1987-1989 жылдары Амангелді кеңшары комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарған. Ал 1989-1991 жылдары Ұлытау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған.
Қасиетті қарт Ұлытаудың солтүстік батысында орналасқан Сарлық ауылы- ежелден дәулетіне сәулеті сай, өмір мен өнерді қатар ұштастыра білген елді мекен. Бұл ауылдан түлеп ұшқан есімдері елге әйгілі тұлғалар аз болмаған. Дарынды публицист- жазушы, майдангер-қаламгер Баубек Бұлқышев, жазушы Мұқан Иманжанов, қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Серікбай Асатов, академик- дәрігер Төрегелді Шарманов, көрнекті қоғам қайраткері, журналист Камал Смайылов осы Сарлық топырағынан шыққан тарихи тұлғалар. Міне, осындай қасиетті топырақтан нәр алып, сусындап өскен Іргебай Қойшығараұлы да туған ауылының экономикасы мен мәдениетін дамытуға барынша үлесін қосты.
1991-1994 жылдары Амангелді атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, кеңшар директорының орынбасары болып жұмыс істеген. 1994 жылы сол ауылдағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, кейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Ал 1999 жылы отбасы жағдайымен Сәтбаев қаласына қоныс аударып, 2000 жылы ақпан айынан бастап қаламыздағы «№5 жалпы білім беретін мектебі» КММ-не жұмысқа орналасып, қазір де аталған мектепте мамандығы бойынша аянбай еңбек етіп келеді.
Ұстаздықты әу бастан қалағанмын,
Жасымнан " болсам-ау" деп армандадым.
Мұғалім деген осы мамандықты,
Бәрінен де жоғары санағанмын- деп, Іргебай мұғалімнің өзі айтқандай, соңғы 30 жылда үздіксіз білім беру саласында еңбек етіп келеді. Жан жылуын шәкірттеріне бере білуден аянбайтын ұлағатты ұстаз-"мұғалім" деген мәртебелі атаққа еш кіршік жүқтырмай, адал да абыройлы еңбегімен қала мектептері мұғалімдері арасында көзге түсіп жүрген беделді ұстаздардың бірі.
Жанұясында жұбайы, 4 баласы мен немерелері бар. Жұбайы Акмолдаева Таңатар Жұмашқызы жоғары білімді маман, қаламыздағы Б.Момышұлы атындағы мектеп- гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек етеді. Ұстаздың ұзақ жылдар бойғы еткен еңбегі мен төккен тері ескерусіз қалған жоқ. Қол жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, Іргебай Қойшығараұлының 30 жыл бойы Қазақстан Республикасы білім беру саласындағы еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төсбелгісімен, Білім және Ғылым Министрінің Алғыс Хатымен, Қарағанды облысы Білім департаментінің, бірнеше рет Сәтбаев қаласы әкімінің, Сәтбаев қалалық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс Хаттарымен марапатталған. Сәтбаев қаласы әкімінің "Үздік пән мұғалімі" номинациясының жеңімпазы. Қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласып тұрады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға байланысты іс-шараларға қатысып тұрады. Сәтбаев қаласы әкімі жанындағы тіл саясаты жөніндегі комиссиясының мүшесі. Іргебай Қойшығараұлы- жүрегі адал, шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекшіл, ойы өткір, ардагер ұстаз.
«№5 жалпы білім беретін мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші:
Садуакасова Асел Сапарбекқызы
#Ұстаз
#Ұстаздаркүні
Created: 18 Қазан 2023
10