Created: 18 Қазан 2023
12

Ұстаз аты - биік, әрі мәңгілік

Ұстаз аты - биік, әрі мәңгілік
«Ұстаз» деген ардақты, киелі, үлкен құрметпен айтылатын сөз, ол - әр адамның жастайынан сауатын ашатын, өнеге үйретіп, тәрбие беретін «Білім» атты кемеге отырғызып, болашаққа жол көрсететін, анаңдай әлпештеп, маңдайынан сипайтын аяулы жан. «Ұстаз- ұлы есім»,- деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, ұстаз болу шын мәнінде үлкен мәртебе. Ұлы есімге лайық, ұлағатты ұстаздың бірі - 40 жыл ұстаздық жолда аянбай еңбек еткен Сұлтанова Глара Қапарқызы. Глара Қапарқызы асыл ана, абзал әже, ардагер ұстаз, бар ғұмырын ұстаздық жолмен қатар отбасының ұйтқысы бола білген көпбалалы ана, күміс Алқа иегері.
Сұлтанова Глара Қапарқызы 1970 жылы Жезді кентіндегі № 6 орта мектебін бітіріп, Қарағанды Мемлекеттік Университетінің филология факультетінің орыс тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. 1974 жылы аталған оқу орнын тәмәндап, сол жылы Қарсақбай кентіндегі №1 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке ұстаз болып жұмысқа орналасады. Зайыбы Сайдалинов Қыпшақбай Орқаұлы да сол мектепте ұстаздық етті. Өмірлері ұстаздық қызметтінің ең жақсы сәттері осы мектеппен тығыз байланысты болды. 24 жыл бойы Қарсақбай кентіндегі мектепте еңбек етіп, еңбегі лайықты бағаланып, Қазақ ССР-і « Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы беріледі. Бірнеше рет мақтау қағаздармен марапатталған. Кейін отбасы жағдайына байланысты Сәтбаев қаласына қоныс аударады. Қаламыздағы № 5 орта мектебінде ұстаздық жолын жалғастырады. Осы № 5 орта мектебінде 16 жыл үзбей еңбек етті. Әуелі пән мұғалімі, сонымен бірге директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Глара Қапарқызынан тәлім- тәрбие алдық. Ол кезде біз жас маман болып, енді жұмысқа орналасқан уақытымыз болатын. Бізге үнемі ақылын айтып, жастарға қолдау білдіріп отыратын еді.
2014 жылы Глара Қапарқызын мектеп ұжымы салтанатты түрде еңбек демалысына шығарып салды. Содан кейінде мектеп өмірінен қол үзбей, жас ұстаздарға өзі жинақтаған бай тәжірибесін бөлісуден айыған жоқ. Барлық балалары жоғарғы білімді, әрқайсысы өмірде өз орындарын тапқан, әр салада қызмет атқарып жүрген, үлгілі жан ұя. Глара Қапарқызы бүгінде еңбегінің жемісін көріп, балалары мен немерелерінің ортасында саясын ашқан мәуелі бәйтеректей бақытты өмір сүріп отырған аяулы да ардақты ұстазымыз!