Ұстаз алдын көрмеген жан жоқ. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде баршылық. Солардың бірі –ардақты ана, сүйікті әже, зейнеткер-ұстаз Баймұханова Алтынкүл Жетімекқызы.
Алтынкүл Жетімекқызы – барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі.
Баймұханова Алтынкүл 15 маусым 1957 жылы, Рудник елді мекенінде дүниеге келген.1965-1975 жылдары Весовой елді мекеніндегі №10 орта мектебінде оқыды. 1981 жылы Жезқазған қаласындағы педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалім мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап, №5 жалпы білім беретін мектебінде бірнеше жыл жұмыс жасады. Білікті ұстаз«Білім негізі-бастауышта»дегендей барлық өмірін жас бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге жұмсады. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп айтқандай, ұстаздың өткеніне қарап қуанары бар. Қазіргі кезде ұстаз оқытқан шәкірттері биіктен көрінуде,ол ұстаз үшін үлкен қуаныш деп білеміз. Осы орайда, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздері ойымызға еріксіз оралады. Алдыңнан түлеп ұшқан шәкіртің шыңға шықса, ұстаз еңбегінің ақталғаны. Өзінің пәнін сүйетін, ұлтының болашағы үшін шынайы күрескер, әр қазақтың баласын жақыным деп жақсы көрген ұстаз ғана ел ықыласына, шәкірттерінің риясыз қуанышына бөленген тұлға болып жұртшылық жүрегінде мәңгі сақталмақ. Алтынкүл Жетімекқызы ұстаз атына лайық болуға, мәртебелі мамандықтың шоқтығын биік ұстауға ұмтылды. Айналасындағыларға жүрек жылуын сыйлап, шапағын шашты. Адалдықты, шындықты ту етті. Өмірімен өнеге ұстаздың еселі еңбегі елеусіз емес, әрине. Еліміздің әр бұрышындағы шәкірттері анасындай сыйлап, ерекше құрметтейді. Айналаңдағылардың махаббатына, шынайы ілтипатына кенелудің өзі бақыт емес пе?! Жасай беріңіз жаны ізгілікке толы жақсы жан!
Өмірі өнегемен өрілген ұлағатты ұстаз Алтынкүл Жетімекқызы отбасының берекесін айрандай ұйытып, 2 ұл 1 қызды тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып немере сүйіп отыр. Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты: адал жар, ардақты ана.
Құрметті Баймұханова Алтынкүл Жетімекқызы! Сізді кәсіби төл мерекеңізбен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз.
Created: 18 Қазан 2023
16