Created: 17 Мамыр 2021
238

Ата аналар үшін

{gallery}-8/1{/gallery}


Қайырлы күн, құрметті ата-аналар!

Кез-келген ата-ана балаларының болашағына, олардың әртүрлі зиянды заттардың әсерлерінен келетін қауіпке бей-жай қарамау керек. Бүгін біз ата-ана ретінде жауапкершілік туралы сөйлесеміз.

Біздің ортақ мақсатымыз – жасөспірімдер арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу. Балалардың есірткі ортасына түсіп кетпей, оларға дер кезінде қорған болу үшін мінез - құлқындағы психологиялық өзгерістерге баса назар аудару өте маңызды.

Біз бәріміз жұмыс бастымыз. Балалармен сөйлесуге, оларды не қызықтыратынын, қандай қиындықтарға тап болғанын не ойландырып жүргенін білуге уақытымыз жетпей жатады. Алайда, бұл өте маңызды. Өйткені, кейде баланың есірткіге тәуелді болып, оның тұзағына түсіп қалуы үшін көзден таса болған бір ғана  сәт жеткілікті.

Нашақорлық мәселесіне мән берген әр ата-ананың әрекеті жасөспірімдер арасында есірткі тұтынуды едәуір төмендетуі мүмкін.

Бұл құқық қорғау органдары, нарколог дәрігерлер мен мұғалімдердің мәселесі ғана емес. Ата-аналар да жұмылу қажет. Сонда ғана бірлескен күш-жігерімізбен біз есірткі бизнесі мен нашақорлыққа тойтарыс бере аламыз. Өйткені бала үшін алдымен ата-ана жауапты.

Сондықтан Сіз балаңыз қарайтын барлық сайттарды тексеріп, оның достары мен таныстарын, араласатын ортасын білуіңіз керек. Бір сөзбен айтқанда балаңызды қараусыз қалдырмаңыз.

Назарларыңызға елдегі есірткі ахуалы мен оған қарсы  жұмыстар туралы айтқым келеді.

Ішкі істер министрлігі нашақорлықтың алдын алу және есірткінің синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласында тиісті шаралар кешенін қабылдап жатыр.

"Есірткі құралдары туралы..." ҚР Заңына 2019 жылы күшіне енген түзетулердің арқасында жаңа психобелсенді заттарды мемлекеттік бақылауға жедел қою тетігі заңнамалық түрде бекітілді. Сол сәттен бастап есірткінің Ұлттық тізімі барлығы 115 жаңа атаумен толықтырылды. Нәтижесінде, бүгінде белгілі есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтары мемлекеттік бақылауға алынды.

2020 жылы ақпараттық коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Тиісті саралау белгісі өткізу (ҚК 297-б. 3-б.), есірткіні тұтынуға көндіру (ҚК 299-б. 2-Б.), оларды дайындауға арналған заттар мен құралдардың айналымы (ҚК 301-б. 2-б.) сияқты қылмыстардың құрамдарына енгізілді.

Есірткіні жарнамалау мен насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚК-нің 299-1-бабы) енгізілді, оған есірткі сайттарының электрондық мекен-жайлары бар «граффити» таратушылар және тиісті ақпаратты орналастырумен байланысты өзге де әрекеттер жатады.

2025 жылы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде (ҚРҮҚ 12.10.2021 ж. №725) Денсаулық сақтау министрлігі Алкоголь және есірткі бойынша еуропалық мектептегі зерттеу жобасының әдіснамасы бойынша жастар арасында психобелсенді заттарды қолдануға қатысты зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Зерттеу нәтижелері бойынша жастарды тәуелділікке тарту тәуекелдерінің алдын алу және диагностикалау бағдарламалары әзірленіп енгізілетін болады.

Интернет желісі арқылы есірткінің таралуына қарсы шаралар:

Интернет желісінде есірткіге қатысы бар мәмілелерді анықтау және қылмыскерлерді қадағалау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен әзірленген «Кибер қадағалау» ақпараттық жүйесі енгізілді. Жүйе осындай интернет-ресурстарға сілтемелерді автоматты режимде бұғаттауға жібереді.

Өткен жылы есірткінің таратылуы туралы 1600-ден астам  интернет-ресурс бұғатталса, биыл жыл басынан 440 интернет ресурс анықталды.

Тиісті электрондық сілтемелері бар 10 мыңнан астам граффити суреттері жойылды.

Есірткі сатушылар көбіне заңсыз айналымға адам тарту үшін интернет-ресурстарды пайдаланып, бос жұмыс орындарын ұсынып, хабарлама жасайды.

Осы ретте интернет желісінде тиісті қызметтер ұсынатын танымал провайдерлердың бірі «OLX Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп жұмыс жасау қолға алынды. Ынтымақтастықтың арқасында биыл курьерлік жұмыс ұсыныстары түріндегі есірткі «жасырып кетушіні» (закладчик) жалдау туралы 50-ден аса хабарландыру анықталып, жойылды. «Telegram» серверінің қазақстандық әкімшісімен де аталған бағыттағы жұмыстар пысықталуда, онда есірткіні жасырын сатумен айналысатын 440 чат анықталды.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ескерту жасап, азаматтарды қырағы болуға шақырады. Жұмыс сипатын тексермей, сайт әкімшісінің, курьердің жұмысы туралы ұсыныстарды қабылдамауды ескертеді.  Алайда, мұндай «жұмыс берушілер» бірден жұмыс заңды емес екенін айтады және  жұмысқа жалданатындар жоғары жалақымен, қалаған уақытында тиімді бизнестен шығып кете аласыздар деп тартады.

Көп жағдайда, дәл осы «есірткі жасырып кетушілер» мен курьерлер  полицияның қолына түсіп, сот үкімімен ұзақ жылдар бойы бас бостандығынан айырылып жатады.

Енді есіріткіні тұтыну салдарына келетін болсақ.

Балаңыздың есірткі қабылдайтын немесе қабылдамайтынын анықтау қиын, егер ол есірткіні бір рет ғана немесе  мезгіл-мезгіл қолданған болса.

Есірткіге қатысты сәл ғана күдік туған болса, баламен ақылға салып байыппен сөйлескен жөн. Және де осы орайда нарколог дәрігерге жүгініңіз. Себебі, жасөспірімнің есірткіні немесе олардың синтетикалық аналогтарын шынымен қабылдағанын білудің ең оңтайлы әдісі маманның кеңесін алу.

Нашақорлық – ми жасушаларын өлтіріп, оның бұзулуына әкелетін ағзадағы ауыр өзгерістерді тудырады,

Оттегімен қанықтырудың болмауына байланысты есте сақтау қабілеті, зияткерлік қабілеті төмендейді, мұның бәрі галлюцинациямен бірге жүреді. Сонымен қатар, есірткі бауырға, өкпеге, жүрек - қан тамыр жүйесіне зиянды әсер етеді, оны адам ағзасына таратады. Бір рет тұтынудың өзі есірткі тәуелділігіне әкелуі мүмкін. Отбасылық құндылық, ата-ана махаббаты мен қамқорлығы, спортпен шұғылдану балаға есірткіге қарсы тәрбие тұрғысынан үлкен әсер ететінін бәріміз түсінуіміз қажет. Осы бағытта бірге жұмыс жасайық. Назарларыңызға  рахмет!


Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 16 ақпанда № 13085 болып тіркелді.

"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

  1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілсін.
  2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

    2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

     3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

    4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

  1. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н.Иманғалиевке жүктелсін.
  2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрі

А. Сәрінжіпов

 

 

Қазақстан Республикасы
Білім мен ғылым министрінің
2016 жылғы 14 қаңтардағы
№ 26 бұйрығымен
бекітілген

Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер

  1. Осы орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-1) тармақшасынасәйкес білім алушыларды сапалы мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

Жоғарыда аталған Талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған.

  1. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғым қолданылады:

Орта білім беру ұйымы – бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын iске асыратын оқу орны.

  1. Талаптардың мақсаты – міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының бірыңғай келісімін қамтамасыз ету, ата-аналардың мектеп формасына жағымды қатынасын қалыптастыру, оқытудың зайырлы сипатын сақтауда оқу орны басшыларының және қоғамдық кеңестердің (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті) жауапкершілігін арттыру.
  2. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орта білім беру ұйымдарының фойесінде, ал таныстыру мақсатында орта білім беру ұйымдарының Интернет-ресурстарында жарияланады.
  3. Орта білім беру ұйымдарындағыміндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
  4. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы (бұдан әрі – мектеп формасы) оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
  5. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
  6. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
  7. Ұлдардың мектеп формасы:

Пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

  1. Қыздардың мектеп формасы:

Пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

  1. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.
  2. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
  3. Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.
  4. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.
  2. Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады.
  3. Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.
  4. Мектеп формасын енгізу барысында мата құрамына назар аударылады.
  5. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады.
  6. Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
  7. Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады.
  8. Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді.
  9. Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау
  10. Орта білім беру ұйымының басшысы (бұдан әрі – Басшы) және қоғамдық кеңес (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті) міндетті мектеп формасын енгізу кезінде осы Талаптарды басшылыққа алады.
  11. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді, оны кез келген сауда желісінен сатып алады.
  12. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады.

Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Басшы ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін мектеп формасының бекітілуін қамтамасыз етеді.
  2. Басшы білім алушылардың мектеп формасын сақтауы мәселесін қоғамдық кеңестің талқылауына шығарады.
  3. Басшы осы Талаптармен ата-аналарды немесе заңды өкілдерді білім алушыны білім беру ұйымына қабылдау туралы өтініш (еркін нысанда) беру кезінде қол қойғызу арқылы және жалпы мектептік ата-аналар жиналысында таныстырады.
  4. Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, форс-мажор жағдайлары туындаған жағдайларда шектеу іс-шаралары алынғанға, төтенше жағдай қолданысы, форс-мажор жағдайлары тоқтатылғанға дейін ата-аналар балаларды орта білім беру ұйымдарына киіп бара алатын іскерлік, классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен қамтамасыз етеді.

Ескерту. 28-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.07.2020 № 296 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.